Жарияланған күні: 11.04.2015 13:53
Өзгертілген күні: 11.04.2015 13:59

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 16 маусымдағы № 210-V Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі – Заң) қабылданды.

Заңның басты мақсаты ішімдік ішуді азайтуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, алкоголь өнімінің көлеңкелі айналымын қысқартуға, заңнама талаптарын қатаңдатуға, заңнаманың жекелеген нормаларын жетілдіруге бағытталған және келесі негізгі нормалардан тұрады:

- спирттік сусындарды, атап айтқанда алкоголь өнімін денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық құрылыстардың, автожанармай құю стансаларының, сауда базарларының, мәдени-демалыс ұйымдарының ғимараттары мен аумақтарында сатуға тыйым салу орындарының тізімін кеңейту;

- балалар мекемелерінен және білім беру ұйымдарынан жүз метр қашықта алкоголь өнімін сатуға тыйым салуды алып тастау;

- күштілігі жоғары алкоголь өнімдерін өткізуге тыйым салу бойынша уақытты ұзарту;

- 21 жасқа дейінгі тұлғаларға алкоголь өнімін өткізгені үшін және алкоголь өнімін сату уақытын бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату;

- этил спирті  мен алкоголь өнімін өндірушілеріне лицензиялық алым мөлшерін жоғарылату;

- алкогоголь өнімін көтерме және бөлшек сатуды жүзеге асыратын субъектілердің лицензиялық алымын жыл сайын төлеу;

- нарық субъектілеріне және тұтынушыларға алкоголь өнімінің есепке алу – бақылау таңбаларының түпнұсқалығын тексеру мүмкіндігін беретін құқық беру;

- этил спирті мен арақты өндірушілер үшін өндірістік қуатты пайдаланудың ең төменгі пайызын және өндірістің ең төменгі көлемдерін белгілеу;

- Кеден одағы шеңберіндегі елдерден арақ өнімін импорттаушылар үшін есепке алу – бақылау таңбаларын мақсатты пайдалану туралы міндетемелерін енгізу;

- этил спирті мен алкоголь өнімін өндіру көлемін бақылау үшін жаңғыртылған есептеуші бақылау аспаптарын енгізу;

- алкоголь өнімін өндіруші және алкоголь өнімін импорттаушы кәсіпорындарда акциздік посттарды кезең-кезеңмен алып тастау;

- этил спирті мен алкоголь өнімінің импортын лицензиялауға қатысты нормаларды алып тастау;

- алкоголь өнімін жасырын жарнамалауға сәйкес нормаларды алып тастау;

- әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату.

 

Сонымен бірге Заңның нормалары бойынша:

  1. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 3-бабы 2-тармағына сәйкес салық әкімшілігін жүргізу, салық есептілігін белгілеу ерекшеліктері, сондай-ақ салық төлеушілердің (салық агенттерінің) жағдайын жақсарту жөніндегі өзгерістер мен толықтыруларды қоспағанда, осы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізетін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей қабылдануы және олар қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қана қолданысқа енгізілуі мүмкін.

Осыған байланысты, Салық кодексінің 653-бабы 7-тармағын қоспағанда, Салық кодексінің нормалары 2015 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұл ретте тоқтата тұру кезеңiнде осы норма Заңның 2-бабы 4-тармағына сәйкес қолданылады.

Яғни, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап акциздік бекеттерді коньяк спиртін өндірушілерден және алкоголь өнімін импорттаушылардан, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап алкоголь өнімін өндірушілерден алып тастау көзделген.

Осыған байланысты, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап акциздік бекеттер тек қана этил спиртін (коньяк спиртінен басқа), бензинді (авиациялық бензинді қоспағанда), дизель отынын және темекі бұйымдарын өндіруді жүзеге асыратын салық төлеушілердің аумағында орнатылады.

Заңмен этил спиртін және арақ өндірушілерге өндіріс қуатын пайдаланудың ең төменгі пайызы мен өндірудің ең төменгі көлемін белгілеу кезең-кезеңмен белгіленген: 2015 жылдан бастап – 20%, 2016 жылдан бастап – 30%, 2017 жылдан бастап – 40 %, бірақ 100 мың декалитрден кем болмауы тиіс.

Бұл ретте «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі Заңының 7-бабының жаңа 10-тармағы 2017 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Осыған байланысты Заңның 2-бабы 5-тармағында өндіріс қуатын пайдаланудың ең төменгі пайызы мен өндірудің ең төменгі көлемін белгілеу төмендегіше кезең-кезеңмен бөлініп белгіленіп отыр.

1) 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап 2016 жылғы 1 қаңтарға дейiн:

10. Этиль спиртін (коньяк спиртін қоспағанда), арақтар мен айрықша арақтарды өндіруге өндіріс паспортында көрсетілген өндірістік қуаттың кемінде жиырма пайызы, бірақ күнтізбелік тоқсанда кемінде жиырма бес мың декалитр пайдаланылуы кезінде жол беріледі.

2) 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап 2017 жылғы 1 қаңтарға дейiн:

10. Этиль спиртін (коньяк спиртін қоспағанда), арақтар мен айрықша арақтарды өндіруге өндіріс паспортында көрсетілген өндірістік қуаттың кемінде отыз пайызы, бірақ күнтізбелік тоқсанда кемінде жиырма бес мың декалитр пайдаланылуы кезінде жол беріледі.

Бұған қоса, Заңмен көтерме және бөлшек саудада алкогольдік өнімдерді сатуды жүзеге асыратын тұлғаларға жыл сайынғы лицензиялық алымның сомасын белгілеу енгізілетінін атап өту керек.

Бұл ретте алкоголь өнімін бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғаларға жыл сайын лицензиялық алым төлеуін белгілеу, әкімшілік аумақтық бірлікке қарай сараланған (астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда – 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), аудандық маңызы бар қалаларда және кенттерде – 70 АЕК, ауылдық елді мекендерде – 30 АЕК).

Салық кодексінің 472-бабы 3-тармағына сәйкес алкоголь өнімін сақтауға, көтерме және бөлшек саудада өткізуге лицензия алған тұлғалар тиісті саладағы қызметті жүзеге асырудың бірінші жылын қоспағанда, алым сомасын жыл сайын ағымдағы жылдың 20 қаңтарына дейін төлейтінін атап өту керек.

Бұл ретте жыл сайынғы лицензиялық алым сомасы әрбір қызмет объектісі үшін төленеді.

21 қаңтарға лицензиялық алым төленбеген жағдайда, алкоголь өнімін сатуға құқық беретін жыл сайынғы лицензиялық алымды төлеу бойынша заңмен белгіленген талаптарды бұзғаны үшін қолданыстағы заңнамаларға сәйкес барлық қажетті шаралар қолданылады.

Бұдан тыс, Заңда спирттік сусындарды, атап айтқанда алкоголь өнімін денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық құрылыстардың, автожанармай құю стансаларының, сауда базарларының, мәдени-демалыс ұйымдарының ғимараттары мен аумақтарында сатуға тыйым салу орындарының тізімі кеңейтілді.

«Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңының 27-бабына сәйкес мәдени-демалыс ұйымдарына қызметі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен реттелетін күнделікті көпшіліктің араласу (клубтар, мәдениет және демалыс парктері, мәдениет үйлері мен сарайлары, халық шығармашылығы орталықтары (үйлері) және басқалары), жеке адамды, көркемөнерпаз халық шығармашылығын дамыту орталықтары жатады.

Сондай-ақ, «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 2 желтоқсандағы Заңының 1-бабының жаңа 14-тармақшасына сәйкес дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық ғимараттарға азаматтардың дене шынықтыру жаттығуларымен, спортпен айналысуына және спорттық ойын-сауық іс-шараларын өткізуге арналған объектілер жатады.

Бұдан тыс, Заңмен балалар мекемелерінде және білім беру ұйымдарынан жүз метрлік радиуста алкоголь өнімдерін сатуға тиымды алып тастауға қатысты «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы Заңына өзгерістер енгізілді.