Жарияланған күні: 26.04.2018 10:06
Өзгертілген күні: 26.04.2018 10:08

490-бап. Салық төлеушілер

      1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар және меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында салық салу объектілері бар заңды тұлғалар көлік құралдары салығын төлеушілер болып табылады.

      3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, мыналар көлік құралы салығын төлеушілер болып табылмайды:

       1) осы Кодекстің 697-бабында көрсетілген ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші заңды тұлғалар, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және (немесе) мүшелері – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы өнімін өзі өндіру процесінде пайдаланылатын мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникасы бойынша;

      2) шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және (немесе) мүшелері – осындай арнаулы салық режимінің әрекеті қолданылатын, қызметте пайдаланылатын төмендегі қажеттілік нормативтері шегіндегі жеңіл және жүк көлік құралдары бойынша:

      бір шаруа немесе фермер қожалығына қозғалтқышының көлемі 2500 текше сантиметрге дейін қоса алғанда бір жеңіл автомобиль бойынша;

       бір шаруа немесе фермер қожалығына 1:1 арақатынасты сақтай отырып, қозғалтқышының шекті жиынтық қуаты егіндіктің (шабындықтардың, жайылымдардың) 1000 гектарына 1000 кВт мөлшеріндегі жүк автомобильдері бойынша.

      Бұл ретте, егер есеп-қисап қорытындылары бойынша көлік құралдарының саны бөлшекті мәні 0,5-тен бастап және одан жоғары бір бірліктен көп болса, мұндай мән тұтас бірліктерге дейін дөңгелектеуге жатады, егер 0,5-тен төмен болса, дөңгелектеуге жатпайды.

      Егер есеп-қисап қорытындылары бойынша жүк автомобильдерінің саны бір бірліктен кем болса, қозғалтқышының қуаты барынша аз бір жүк автомобилі босатылуға жатады;

      3) мемлекеттік мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары;

       4) осы Кодекстің 289-бабының 1-тармағына сәйкес келетін мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері – қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден аспайтын бір жеңіл автокөлік және бір автобус бойынша;

      5) Ұлы Отан соғысының қатысушылары және мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестiрiлетiн адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар, Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi, "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденiмен және "Отан" орденiмен наградталған адамдар, "Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" не "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көп балалы аналар – салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша;

      6) меншiгiнде мотоколяскалары мен автомобильдерi бар мүгедектер –салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша.

      Осы тармақтың бірінші бөлігі 1), 2) және 4) тармақшаларының ережелері осындай көлік құралдары пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға берілген жағдайларда қолданылмайды.

      4. Осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларының ережелері осындай тармақшалардың ережелерін қолдану құқығы бар жеке тұлғаның оларда көрсетілген бір немесе бірнеше санаттарға жататынына-жатпайтынына қарамастан, салықтық кезең ішінде бiр автокөлiк құралы бойынша (қозғалтқышының көлемі 4000 текше сантиметрден асатын, оған қатысты 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін уәкілетті мемлекеттік органда көлік құралының меншік иесінің ауысуына байланысты тіркеу әрекеттері жүргізілген жеңіл автомобильден басқа) қолданылады.

      5. Осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларының ережелерін қолдануға құқығы бар адамның меншік құқығында салықтық кезең ішінде бірнеше автокөлік құралы болған жағдайда, осы ережелер есептелген салық сомасы барынша көп автокөлік құралдарының біреуіне қатысты қолданылады.

      6. Осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларының ережелерін қолдану құқығы салықтық кезең ішінде туындаған немесе тоқтатылған жағдайда, осындай ережелер:

      құқық туындаған кезде – осындай құқық туындаған айдың 1-күнінен бастап салықтық кезең аяқталғанға дейін немесе осындай құқық тоқтатылатын айдың 1-күніне дейін қолданылады;

      құқық тоқтатылған кезде – осындай құқық тоқтатылатын айдың 1-күнінен бастап қолданылмайды.

       7. Мемлекеттік мекемелер сенімгерлік басқаруға берген көлік құралдары бойынша салық төлеуші осы Кодекстің 41-бабына сәйкес анықталады.

491-бап. Салық салу объектілері

      1. Тiркемелердi қоспағанда, Қазақстан Республикасында тiркелген және (немесе) есепте тұрған көлiк құралдары салық салу объектiлерi болып табылады.

      2. Мыналар салық салу объектiлерi болып табылмайды:

      1) 40 тонна және одан жоғары жүк көтеретін карьерлiк автосамосвалдар;

      2) мамандандырылған медициналық көлiк құралдары;

      3) Қазақстан Республикасының халықаралық кеме тізілімінде тіркелген теңіз кемелері;

      4) мүлік салығын салу объектісі болып табылатын арнайы автомобильдер.

492-бап. Салықтық мөлшерлемелер

      1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салықты есептеу айлық есептік көрсеткіштермен белгіленген мынадай мөлшерлемелер бойынша жүргізіледі:

Р/с

Салық салу объектісі

Салықтық мөлшерлеме (айлық есептік көрсеткіш)

1

2

3

1.

Қозғалтқышының көлемі бойынша мынадай сараланған жеңіл автомобильдер (текше см.):

 

1 100-ге дейін қоса алғанда

1

1 100-ден жоғары 1 500-ге дейін қоса алғанда

2

1 500-ден жоғары 2 000-ға дейін қоса алғанда

3

2 000-нан жоғары 2 500-ға дейін қоса алғанда

6

2 500-ден жоғары 3000-ға дейін қоса алғанда

9

3 000-нан жоғары 4 000-ға дейін қоса алғанда

15

4 000-нан жоғары

117

2.

Жүк көтергiштiгi бойынша мынадай сараланған жүк, арнайы автомобильдер (тiркемелердi есептемегенде):

 

1 тоннаға дейін қоса алғанда

3

1 тоннадан жоғары 1,5 тоннаға дейін қоса алғанда

5

1,5 тоннадан жоғары 5 тоннаға дейін қоса алғанда

7

5 тоннадан жоғары

9

3.

Тракторлар, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдер, жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналар және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында жүруге арналмаған басқа да автокөлік құралдары

3

4.

Отыратын орындардың саны бойынша мынадай сараланған автобустар:

 

отыратын 12 орынға дейін қоса алғанда

9

отыратын 12-ден жоғары 25 орынға дейін қоса алғанда

14

отыратын 25 орыннан жоғары

20

5.

Қозғалтқышының қуаты бойынша мынадай сараланған мотоциклдер, мотороллерлер, мотошаналар, шағын кемелер:

 

 55 кВт-ға (75 ат күшiне) дейiн қоса алғанда

1

55 кВт-дан (75 ат күшiнен) асатын

10

6.

Қозғалтқышының қуаты бойынша мынадай сараланған катерлер, кемелер, буксирлер, баржалар, яхталар (ат күшімен);

 

160-қа дейін қоса алғанда

6

160-тан жоғары 500-ге дейін қоса алғанда

18

500-ден жоғары 1 000-ға дейін қоса алғанда

32

1000-нан жоғары

55

7.

Ұшу аппараттары

 қуаттың әрбір киловатынан айлық есептік көрсеткіштің
4 пайызы

8.

Мыналар:
кез келген санаттағы поездарды магистральдық жолдармен жүргiзу үшiн;
магистральдық, станциялық және тар және (немесе) кең табанды кiрме жолдарда маневр жұмыстарын жүргiзу үшiн;
өнеркәсiптiк теміржол көлiгi жолдары мен магистральдық және станциялық жолдарға шықпайтын жолдарда пайдаланылатын теміржолдың жылжымалы тартқыш құрамы

 көлiк құралының жалпы қуатының әрбір киловатынан айлық есептiк көрсеткiштiң
1 пайызы

Тар және кең табанды магистральдық және станциялық жолдармен жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру үшiн пайдаланылатын моторлы-вагонды жылжымалы құрам, сондай-ақ қалалық рельстік көліктің көлік құралдары

көлiк құралының жалпы қуатының әрбір киловатынан айлық есептiк көрсеткiштiң 1 пайызы

      2. Қазақстан Республикасында 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін шығарылған (жасалған немесе құрастырылған) немесе Қазақстан Республикасының аумағына 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін әкелінген, қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер үшін салықты есептеу айлық есептiк көрсеткiштермен белгiленген мынадай мөлшерлемелер бойынша жүргiзiледi: 

Р/с

Салық салу объектісі

Салықтық мөлшерлеме (айлық есептік көрсеткіш)

1

2

3

1.

Қозғалтқышының көлемі мынадай сараланған жеңіл автомобильдер (текше см):

 

3 000-нан жоғары 3 200-ді қоса алғанда

35

3 200-ден жоғары 3 500-ді қоса алғанда

46

3 500-ден жоғары 4 000-ды қоса алғанда

66

4 000-нан жоғары 5 000-ды қоса алғанда

130

5 000-нан жоғары

200

      3. Салықты есептеу үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш қолданылады.

      4. Осы Кодекстiң мақсаттары үшiн:

      1) жеңiл автомобильдерге:

      В санатындағы (ВЕ, В1-ді қоса алғанда) автомобильдер;

      жүкке арналған платформасы және жүк бөлiгiнен қатты стационарлық қабырғамен бөлiнген жүргiзушi кабинасы бар жеңiл автомобиль шассиiндегi моторлы көлiк құралдары (пикап автомобильдер);

      рұқсат етiлген ең жоғары массасы және (немесе) жолаушылар орындарының саны бойынша В санатына (ВЕ-ні қоса алғанда) қойылатын талаптардан асып кететін, сыйымдылығы ұлғайтылған және жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары автомобильдер (жолсыз жермен де жүретiн автомобильдер, оның iшiнде джиптер, сондай-ақ кроссоверлер мен лимузиндер) жатады;

      2) егер осы тармақтың 1) тармақшасында өзгеше белгiленбесе, жүк автомобильдерiне С санатындағы (СЕ, С1Е, С1-ді қоса алғанда) автомобильдер жатады;

      3) егер осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында өзгеше белгiленбесе, арнайы автомобильдерге белгiлi бiр технологиялық процестердi немесе операцияларды орындауға арналған арнайы жабдығы бар автомобильдер жатады;

      4) егер осы тармақтың 1) тармақшасында өзгеше белгiленбесе, автобустарға D санатындағы (DЕ, D1Е, D1-ді қоса алғанда) автомобильдер жатады.

      5. Қозғалтқышының көлемі 1500 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер бойынша салық сомасы осы баптың 1 немесе 2-тармағында белгіленген қозғалтқыш көлемі бойынша тиісті саралаудың төменгі шекарасынан асып кеткен әрбір бірлік үшін 7 теңгеге ұлғаяды.

      6. Осы баптың мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген жеңіл автомобильдерді бастапқы мемлекеттік тіркеу күні оларды әкелу күні болып есептеледi.

      7. Пайдаланылу мерзіміне қарай ұшу аппараттарына салықтық мөлшерлемелерге мынадай түзету коэффициенттері қолданылады:

       1999 жылғы 1 сәуірден кейін Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде сатып алынған ұшу аппараттарына:

      пайдаланылу мерзімі 5 жылдан жоғары 15 жылға дейін қоса алғанда – 2,0;

      пайдаланылу мерзімі 15 жылдан жоғары – 3,0.

      8. Көлік құралының пайдаланылу мерзімі көлік құралының паспортында (әуе кемесін ұшуда пайдалану жөніндегі нұсқамада) көрсетілген шығарылған жылы негізге алына отырып есептеледі.

      9. Жүк және арнайы автомобильдер бойынша салықты есептеу үшін көлік құралын пайдалану жөніндегі нұсқаулықта және (немесе) нұсқамада көрсетілген көлік құралының жүк көтергіштігінің көрсеткіші пайдаланылады. Егер көлік құралын пайдалану жөніндегі нұсқаулықта (нұсқамада) жүк көтергіштігінің көрсеткіші көрсетілмесе, ол көлік құралының рұқсат етілген ең жоғарғы массасы мен көлік құралының жүктемесіз массасы (жабдықталған көлік құралының массасы) арасындағы айырма ретінде есептеледі.

493-бап. Салықты есептеу тәртiбi

       1. Салық төлеушi осы Кодекстің 492-бабына сәйкес салық салу объектiсіне салықтық мөлшерлемелерді қолдану арқылы салықтық кезең үшiн салық сомасын өз бетінше есептейдi.

      3. Көлік құралы салық кезеңiнен аз уақыт меншік құқығында, шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында болған жағдайда, салық сомасы көлiк құралы осындай құқықта іс жүзінде болған кезең үшiн жылдық салық сомасын он екіге бөлу және көлiк құралы осындай құқықта іс жүзінде болған айлардың санына көбейту арқылы есептеледi.

      4. Салықтық кезең ішінде меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығын басқаға берген кезде салық салу объектілеріне салық сомасы мынадай тәртіппен есептеледі:

      1) беруші тарап үшiн:

      салық кезеңiнiң басында болған көлiк құралдары бойынша салық сомасы салық кезеңiнiң басынан бастап көлiк құралына меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы берілген айдың 1-күнiне дейiнгi кезең үшiн есептеледi;

      салық кезеңiнiң iшiнде беруші тарап сатып алған көлiк құралдары бойынша салық сомасы көлiк құралына меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы алынған айдың 1-күнiнен бастап осындай құқық басқаға берілген айдың 1-күнiне дейiнгi кезең үшiн есептеледi;

      2) алушы тарап үшiн – салық сомасы көлiк құралына меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы алынған айдың 1-күнiнен бастап салық кезеңiнiң соңына дейiн немесе алушы тарап кейiннен осындай құқықты басқаға берген айдың 1-күнiне дейiнгi кезең үшін есептеледi.

      5. Жеке тұлғалар сатып алу кезінде Қазақстан Республикасында есепте тұрмаған көлiк құралын сатып алған кезде салық сомасын көлiк құралына меншiк құқығы туындаған айдың 1-күнiнен бастап салық кезеңiнiң соңына дейiнгi немесе меншік құқығы тоқтатылған айдың 1-күніне дейінгі кезең үшiн есептейді.

      6. Көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган салық органдарына беретін көлік құралын айдап әкету (ұрлау) туралы қылмыстық іс қозғау фактісін (күнін) растайтын мәліметтер иелерінен айдап әкетілген және (немесе) ұрланған деп саналған көлік құралын іздестіру кезеңінде салық төлеуден босату үшін негіз болып табылады.

      Бұл ретте мұндай салықты есептеу (есепке жазу) көлік құралын айдап әкету (ұрлау) туралы қылмыстық іс қозғалған күннен бастап тоқтатылады.

      Салықты есептеу (есепке жазу) көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның салық органдарына берген мәліметтер негізінде көлік құралын айдап әкету (ұрлау) және оны қайтару туралы қылмыстық істі тоқтатқан күннен бастап бастап қайта басталады.

      9. Есепті салықтық кезең үшін жеке тұлғалардың көлік құралдары салығы бойынша есеп-қисаптар сальдосын айқындау мақсатында салық органдары көлік құралдарын есепке алуды және тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдар автоматтандырылған режимде ұсынатын мәліметтердің негізінде есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 наурызынан кешіктірмейтін мерзімде салық есептеуді жүргізеді.

494-бап. Салық төлеу мерзiмдерi мен тәртібі

      3. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салықтық кезеңнің 31 желтоқсанынан кешіктірмейтін күн жеке тұлғалар үшін бюджетке салық төлеу мерзімі болып табылады.

      Салық салу объектісі болып табылатын көлік құралына қатысты Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасына сәйкес тіркеу әрекеттері жүзеге асырылған жағдайда, меншік құқығын беретін тұлға осындай объектіні иеленген іс жүзіндегі кезең үшін төленуге жататын салық сомасы осы Кодексте айқындалған тәртіппен көрсетілген әрекеттер жасалғанға дейін бюджетке енгізілуге тиіс.

      4. Жеке тұлғалар салық төлеуді тұрғылықты жері бойынша жүргізеді.

      5. Көлiк құралының меншiк иесi атынан иеліктен шығару құқығымен көлік құралын басқаруға арналған сенімхат негізінде сенім білдірілген болып табылатын жеке тұлғаның салықтық кезең үшін көлiк құралдарына салық төлеуi көлiк құралы меншiк иесiнiң осы салық кезеңi үшiн салық мiндеттемесiн орындауы болып табылады.