Жарияланған күні: 02.06.2015 11:57
Өзгертілген күні: 23.05.2018 10:18

67-бап. Дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтату

       1. Дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтату осы Кодекстің 95-бабында белгіленген камералдық бақылау жүргізілмей, мына құжаттардың бірінің:

      1) салық төлеушінің қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішінің;

      2) осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларда – салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініште немесе патент құнының есеп-қисабында қамтылған жазбаша келісімнің негізінде жүзеге асырылады.

      2. Қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті беру кезінде бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:

      1) қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын;

      2) бірлескен кәсіпкерлік нысанында қызметті жүзеге асырмайтын;

       3) осы Кодекстің 88-бабының 1-тармағында көрсетілген жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асырмайтын;

      4) тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері бойынша салықтық тексерулер жоспарында немесе ішінара салықтық тексерулер тізімінде жоқ;

      5) салықтық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі жоқ;

      Осы бап осы Кодекстің 48-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында айқындалған шарттарға сәйкес келетін дара кәсіпкерлерге қатысты қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш берілген күнге немесе осы баптың 5-тармағында белгіленген жағдайлар басталғанға дейін қолданылады.

      3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде дара кәсіпкер өзінің орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:

      1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті;

      2) таратудың салықтық есептілігін;

       3) осы Кодекстің 169-бабында айқындалған тәртіппен бақылау-касса машинасын (ол бар болған кезде) есептен шығару туралы салықтық өтінішті ұсынады.

      Таратудың салықтық есептілігі қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш ұсынылған салықтық кезеңнің басынан бастап осындай өтініш ұсынылған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.

      Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі таратудың салықтық есептілігі ұсынылғаннан кейін басталатын болса, мұндай кезекті салықтық есептілікті ұсыну таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

      4. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде таратудың салықтық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Егер таратудың салықтық есептілігінің алдында ұсынылған салықтық есептілікте көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Салық органы осы тармаққа сәйкес салықтық міндеттеме орындалған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей дара кәсіпкерді тіркеу есебінен шығаруды жүзеге асырады және уәкілетті органның интернет-ресурсында дара кәсіпкердің тіркеу есебінен шығарылғаны туралы ақпаратты орналастырады.

      Салық органы:

      1) осы баптың 2-тармағында көзделген шарттарға сәйкес келмеген кезде және (немесе) қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш берілген күннен бастап үш жүмыс күні ішінде осы баптың 3-тармағының талаптары орындалмаған кезде;

      2) салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы тармақта көзделген талаптар орындалмаған кезде дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарудан бас тартады және уәкілетті органның интернет-ресурсында ақпаратты орналастырады.

      5. Мынадай жағдайларда:

      1) патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын және патенттiң қолданылу мерзiмi өткен немесе қызметті тоқтата тұру кезеңі аяқталған күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде патент құнының кезекті есеп-қисабын ұсынбаған;

      2) салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған және қызметті тоқтата тұру кезеңі аяқталғаннан кейін салықтық есептілікті ұсынудың осы Кодексте белгіленген мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде салықтық есептілікті ұсынбаған дара кәсіпкерлер осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтатуға жатады.

      Осы тармақта көрсетілген жағдайларда, дара кәсіпкердің орналасқан жеріндегі салық органы дара кәсіпкер ретіндегі тіркеу есебінен шығаруды:

      осы баптың 2-тармағында көзделген шарттарға сәйкес келген кезде;

      салық органында тіркеу есебінде тұрған бақылау-касса машинасы болмаған жағдайда;

      осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында белгіленген мерзімдердің біреуі өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      Дара кәсіпкерді осы тармақта айқындалған тәртіппен тіркеу есебінен шығару туралы ақпарат осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында белгіленген мерзімдердің біреуі өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

      6. Салық төлеуші:

      осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеген;

      осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде соңғы патенттің қолданылу мерзімі өткен (қызметті тоқтата тұру жағдайларын қоспағанда);

      осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініште көрсетілген қызметті тоқтата тұру кезеңі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған болып танылады.

      7. Салық органы осы бапқа сәйкес дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылғаннан кейін талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, дара кәсіпкер ретінде тіркелу кезеңінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтар, бюджетке төленетін төлемдер және әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық міндеттемелерді есептеуді жеке тұлға оларды төлеу бойынша міндеттемелер туындаған кезге қолданыста болатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргізеді.