Жарияланған күні: 18.07.2019 17:13
Өзгертілген күні: 18.07.2019 17:14

Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, облыс тұрғындарының назарына 2019 жылдың 16-шілдесінде жеке тұлғалардың салықтары бойынша өсімпұлдарды есептен шығару жолымен іске асатын салықтық рақымшылық туралы заң күшіне енгенін жеткізеді.

Ағымдағы жылдың соңына дейін әрбір азамат есептелген өсімпұлдарды есептен шығару бойынша аталған науқанды пайдалана алады.

Өсімпұлдарды есептен шығару жеке тұлғаның барлық салықтық міндеттемелері бойынша жүргізіледі. Негізінен, олар жеке тұлғаның жеке меншігіне - жеріне, мүлкіне, көлігіне салынатын салықтар, сондай-ақ мүлікті сату кезінде құнының өсімінен мүліктік кіріс алумен байланысты жеке табыс салығы бойынша міндеттемелер.

Өсімпұлды есептен шығарудың жалғыз шарты жеке тұлғаның салықтар бойынша негізгі борышты төлеуі болып табылады. Салық төлеушілерге бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кіріс органдары күн сайын жеке тұлғалардың дербес шоттарының жай-күйіне мониторинг жүргізеді және олар 3 жұмыс күні ішінде негізгі борышты төлеген кезде өсімпұлды есептен шығару туралы тиісті шешім шығарады.

Егер салық төлеуші ағымдағы жыл ішінде өткен жыл үшін негізгі борыш пен салықтар бойынша өсімпұлды төлеуді жүргізген жағдайда, өсімпұл сомасы қайтаруға жатады. Ол үшін мемлекеттік кіріс органдарына өтініш беру қажет.

Ағымдағы жылдың басынан бастап мемлекеттік кірістер органдары деректер базасын уәкілетті органдармен салыстырып тексеру, сондай-ақ салық төлеушілердің дербес шоттарын өзектендіру мақсатында есептеулердің толықтығы мен дұрыстығы мәніне дербес шоттарды түгендеуді жүргізді.

Осыған байланысты, осы рақымшылық жасаудың маңызды шарасы жеке кәсіпкерлер болып табылмайтын, бірақ кәсіпкерлік қызметтен алынатын салықтар бойынша берешегі бар жеке тұлғаларға да салық берешегін есептен шығару мүмкіндігі болып табылады.

 

Түркістан облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаменті