Date of publication: 03.03.2018 10:41
Date of changing: 03.03.2018 12:11

Жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау тәртібі бойынша

Қазақстан Республикасының  25.12.2017 ж. № 121-VI «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Заңымен 2018 жылдан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілді, оның ішінде, жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау тәртібі туралы 71-тарау қарастырылған және бұл тарау 01.01.2020 ж. бастап күшіне енеді.

Аталған тарау келесіні көздейді:

Салық кодексінің 630-бабымен, егер "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру жылының алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша, осы декларацияны тапсыратын жылдың 1 қаңтарында мынадай адам болып табылатын тұлғалар, яғни:

1) Салық кодексінің ережелеріне сәйкес мынадай адамдардың бірі: Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматы; оралман; тұруға ықтиярхаты бар адам болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті;

2) жоғарыда көрсетілген баптың 4-тармағында айқындалған жағдайларда шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

3) жоғарыда көрсетілген 5-тармағында айқындалған жағдайда кәмелетке толмаған адам болып табылатын жеке тұлға активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны толтырады:

Активтер мен міндеттемелер туралы декларация:

      1) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес декларация тапсыру міндеті жүктелген тұлғалардың тапсыруын;

      2) қосымша салықтық есептілікті тапсыруды қоспағанда, бір рет тапсырылады.

 Активтер мен міндеттемелер туралы декларация Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерде мыналардың болуы туралы ақпаратты көрсетуге арналады:

1) мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлкі, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлкі;

2) тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі;

3) банктік шоттарда ақшасы;

4) "Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жария етілген ақшаны қоспағанда, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсыратын жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанына қолданыста болатын ең төмен жалақының 500 еселенген мөлшері шегінен аспайтын сомада көрсетілетін қолма-қол ақшасы;

5) Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған банктерге және банк операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға берешекті қоспағанда, басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешек) және (немесе) жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдында берешегінің (кредиторлық берешек) – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсыратын жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанында қолданыста болатын ең төмен жалақының 500 еселенген мөлшеріне тең жиынтық сомадан асқан жағдайда міндеттеменің немесе талаптың туындауына негіз болып табылатын шарт немесе өзге де құжат болған кезде көрсетіледі;

6) төменде көрсетілген өзге де мүлік.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияға қосымшалар салықтық бақылау мақсаттары үшін салық органдары пайдаланатын, жоғарыда көрсетілген мәліметтер туралы ақпаратты егжей-тегжейлі көрсетуге арналған.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке тұлғалардың декларацияларын тапсыру міндеті жүктелген адамдар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияға қосымшаларда мүлікті сенімгерлік басқаруға, трастқа беру туралы мәліметтерді де көрсетеді.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда жеке тұлғаның қалауы бойынша мынадай талаптар ескеріле отырып, басқа да мүлік көрсетілуі мүмкін:

1) асыл тастар мен бағалы металдар, олардан жасалған зергерлік бұйымдар және құрамында асыл тастар мен бағалы металдар бар басқа да заттар, сондай-ақ өнер және антиквариат туындылары осы мүліктің бір бірлігі үшін бағасы (құны) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыратын жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанында қолданыста болатын ең төмен жалақының 500 еселенген мөлшерінен асқан және осындай мүліктің құнын растайтын құжаттар болған жағдайда көрсетіледі;

2) биологиялық активтер – ветеринариялық паспорт немесе осындай активтерге меншік құқығын растайтын өзге де құжат болған кезде;

3) мәдени құндылықтар – Қазақстан Республикасының мәдениет туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген жағдайда;

4) Салық кодексінің 631-бабының 1-тармағында көрсетілмеген өзге де мүлік – Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құнды қоса алғанда, осындай мүліктің құнын растайтын және (немесе) осындай мүлікке меншік құқығын растайтын құжаттар болған кезде.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларация:

1) қағаз жеткізгіште тапсырылған жағдайда – декларацияны тапсыру міндеттемесі туындаған ағымдағы жылдың 15 шілдесінен кешіктірілмей;

2) электрондық түрде тапсырылған жағдайда – декларацияны тапсыру міндеттемесі туындаған ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей тұрғылықты (болу) жері бойынша тапсырылады.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру мерзімдері бөлігіндегі ережелері:

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сайланбалы лауазымдарға кандидаттар;

"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушылары болуға ниет білдірген тұлғалар ретінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыратын тұлғаларға қолданылмайды.

Дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жоғарыда көрсетілген мерзімдерде тұрған жері бойынша тапсырады.

Салық кодексінің 633-бабына сәйкес, кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыратын жылдың алдындағы күнтізбелік жыл ішінде:

1) Салық кодексінің ережелеріне сәйкес мынадай адамдардың бірі:

  • Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматы;
  • оралман;
  • тұруға ықтиярхаты бар адам болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті;

2) аталған баптың 2-тармағында айқындалған жағдайларда шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

3) аталған баптың 3-тармағында айқындалған жағдайда кәмелетке толмаған адам болып табылатын жеке тұлға кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырады.

Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларация (бұдан әрі – кірістер мен мүлік туралы декларация) мынадай нысандардың біреуі бойынша жыл сайын тапсырылады:

1) қосымшаларымен – кірістер мен мүлік туралы толық декларация;

2) қосымшаларсыз – кірістер мен мүліктер туралы қысқаша декларация.

Кірістер мен мүлік туралы толық декларация:

1) күнтізбелік жылы үшін, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде алынған кірістер;

2) салықтық шегерімдер;

3) мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде сатып алу және (немесе) иеліктен шығару және (немесе) өтеусіз алу;

4) жеке табыс салығы бойынша, оның ішінде Салық кодексінің 351-бабында айқындалған салықтық шегерім қолданылған жағдайда, Қазақстан Республикасында тұрғын үй сатып алуға алған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге жеке тұлғаның шығыстары туралы мәліметтерді банк мекемелерінің беруіне жеке тұлғаның келісімін көрсете отырып, асып кету сомасын есепке жатқызу және қайтару жөніндегі талап туралы ақпаратты жеке тұлғалардың көрсетуіне арналады.

Жеке тұлғалар, оның ішінде "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке тұлғалардың декларацияларын тапсыру міндеті жүктелген тұлғалар кірістер мен мүлік туралы толық декларацияда есепті салықтық кезең ішінде мынадай мүлікті, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде сатып алуға арналған шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтерді көрсетеді:

1) мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын жылжымайтын мүлік, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлік;

2) мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік құралдары мен тіркемелер;

3) заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестері;

4) бағалы қағаздар;

5) инвестициялық алтын;

6) туынды қаржы құралдарын (орындалуы базалық активті сатып алу немесе өткізу арқылы жүргізілетін туынды қаржы құралдарын қоспағанда);

7) тұрғын үй құрылысына қатысу үлестері.

Осы мәліметтерді көрсету туралы талап кірістер мен мүлік туралы толық декларацияға қосымшада көрсетіледі.

Жеке тұлға есепті салықтық кезең ішінде бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келген кезде оңайлатылған нысан бойынша қосымшаларсыз кірістер мен мүлік туралы декларацияны, яғни, кірістер мен мүлік туралы қысқаша декларацияны, тапсыруға міндетті:

1) жеке тұлға:

2) жеке тұлға:

  • мүліктік кіріс;
  • жеке тұлға дербес салық салуға жататын кірістер алмайды;

3) жеке тұлғаның кез келген кірістері болмайды немесе жеке тұлға кірістерді:

  • төлем көзінен салық салуға жататын кірістер;
  • өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу;
  • алименттер түрінде ғана алды;

4) жеке тұлға салық агентіне төлем көзінен салық салынатын кірісті өзге шегерімдердің алдын ала сомасына азайтуға өтінішті бермеді;

5) жеке тұлғаның жеке табыс салығы бойынша асып кетуді есепке жатқызуға және (немесе) қайтаруға құқығы жоқ немесе жеке табыс салығы бойынша асып кетудің есепке жатқызылуын және (немесе) қайтарылуын жүргізу құқығын іске асыруды қаламайды;

6) жеке тұлға мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде сатып алмады, иеліктен шығармады, өтеусіз алмады.

Кірістер мен мүліктер туралы қысқаша декларация:

1) кез келген кірістердің жоқ екендігін немесе оларды мынадай:

  • төлем көзінен салық салуға жататын кірістер;
  • өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу;
  • алименттер түріндегі ғана кірістерді алғанын;

2) салықтық шегерімдерді, оның ішінде салық агенті қолданғандарға қосымша салықтық шегерімдерді қолдануға құқығы немесе оған ниетінің жоқ екендігін;

3) салық агентіне төлем көзінен салық салынатын кірісті өзге шегерімдердің алдын ала сомасына азайтуға өтініштің берілмегенін;

4) мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге, жататын мүлікті, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде сатып алу, иеліктен шығару, өтеусіз алу фактілерінің жоқ екендігін растайтын ақпаратты көрсетуге арналады.

Кірістер мен мүлік туралы декларация:

1) қағаз жеткізгіште тапсырылған жағдайда – есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 15 шілдесінен кешіктірілмей;

2) электрондық түрде тапсырылған жағдайда – есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей тұрғылықты (болу) жері бойынша тапсырылады.

Дара кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар кірістер мен мүлік туралы декларацияны жоғарыда көрсетілген мерзімдерде тұрған жері бойынша тапсырады.