Жарияланған күні: 05.12.2022 17:34
Өзгертілген күні: 05.12.2022 17:41

2022 жылғы 7-9 қыркүйек күндері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Пандемиядан кейінгі әлемдегі ақша-несие және қаржылық саясат: тәжірибе, мәселе және қиындықтар» атты V Халықаралық экономика, қаржы және энергетика конгрессі (EFE'2022) өтті. Бұл іс-шараға шетелдік, отандық сарапшылар және университет студенттері қатысып, қаржылық саясат, ақша-несие саясаты, орталық банк қызметі, қаржы нарықтары және басқа да тақырыптар талқыланды.
Аталған іс-шараға Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмыс басқармасының басшысы Жаннат Аманбаева да қатысып, қатысушылар назарына мемлекеттік кірістер органдарының халыққа салық және кеден мәселелерін түсіндіру, хабардар болуын жақсарту және кері байланыс алу бойынша жедел көмек көрсету мақсатында енгізілген цифрлық өнімдерін көрнекі ұсына отырып, салық, кеден заңнамаларына енгізілген өзекті өзгерістер мен толықтырулармен таныстырып өтті.
Іс-шара қорытындысымен, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Еуразия ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары Чингисхан Жаналтай салық, кеден заңнамаларын кеңінен насихаттау бағытындағы мемлекеттік кірістер органы қызметіне өз алғысын білдірді.