
Осыған дейін БАҚ-та Жетісу өңірінде кәсіпкерлерден қателікпен 34 миллион салық өндірілгендігі туралы ақпарат жарияланған болатын. Осыған орай Жетісу облысы бойынша МКД түсіндірме жасады.
Жетісу облысы прокуратурасының 2023 жылғы 15 маусымдағы ұсынымына сәйкес салық заңнамасы бойынша қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы төлеушілер болып табылмайтын 90 салық төлеуші бюджетке 34 млн.теңгені қате төлеген.
Салық кодексінің 574-бабының 1-тармағына сәйкес қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы төлеушілер болып ҚР-ның Экология кодексіне сәйкес айқындалған I, II және III-санаттағы объектілердің операторлары төлемақы төлеушілер болып табылады.
Бұл ретте IV санаттағы объектілердің операторлары алым төлеушілер болып табылмайды.
Экологиялық кодекстің 418-б. 3-т. сәйкес арнайы табиғат пайдалану субъектілері болып табылатын объектілерді пайдаланушылар 2021 ж. 1 тамыздан кешіктірмей тиісті объектілерді I, II, III және IV-санаттарға жатқызу мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өтінішхат беруге міндетті.
Сонымен бірге, Жетісу облысы бойынша экология департаментінің мәліметтері бойынша, аталған 90 салық төлеушінің ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға объектілердің санатын анықтауға өтінішті 10 салық төлеуші ғана берген, оның ішінде тек 5-еуі IV-санаттағы объектілердің операторлары, яғни төлем төлеушілері болып табылмайтыны анықталды.
Аталған 5 салық төлеушілермен төлем сомасын қайтару/есепке алу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте қайтарылатын сома 1 445,5 мың теңгені құрайды.
Қалған 85 салық төлеушінің 5-еуі ІІ және ІІІ-санаттағы объектілердің операторлары болса, 80 салық төлеуші объектілерді санаттарға бөлуге өтініш бермеген.
Осылайша, 80 салық төлеуші бойынша бюджетке төлем сомасының қате төленгені салық төлеушілер объектілердің санатын анықтау және олар бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешім қабылдауы үшін өтініш берген кезде белгіленетін болады.
Сондай-ақ, Салық кодексінің 579-бабына сәйкес қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы төлеушілер мемлекеттік кірістер органдарына төлем сомаларын дербес есептей отырып, тоқсан сайын декларация тапсыратынын атап өткен жөн.