Жарияланған күні: 26.05.2021 09:37
Өзгертілген күні: 26.05.2021 09:38

Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың таза кіріс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өздерінің меншігіне негізделген және жеке тұлғалардың атынан, олардың тәуекелі мен мүліктік жауапкершілігі үшін жүзеге асырылатын дербес, бастамашыл қызметі ДК болып табылады.

Сонымен бірге, ҚР-ның аумағында дара кәсіпкерлік қызметін ҚР-ның аумағында тұрақты тұратын Ресей Федерациясының, Тәжікстан, Беларусь, Армения және Қырғыз Республикасының азаматтары жүзеге асыруға құқылы.

Дара кәсіпкерлік жеке немесе бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады.

Жеке кәсіпкерлікті жеке тұлға өзінің мүлкі негізінде дербес жүзеге асырады.

Бірлескен кәсіпкерлікті дара кәсіпкерлер тобы жалпы меншік құқығында оларға тиесілі мүлік негізінде жүзеге асырады.

Дара кәсіпкерлікті қалай тіркеуге болады?

Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін жеке тұлға орналасқан жері бойынша салық органына хабарлама жібереді. ДК ретінде тіркеу қызметі тегін болып табылады.

ДК ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламаны 2 тәсілмен жіберуге болады:
- электронды түрде - ҚР-ның электронды лицензиялау e-license порталы арқылы;
- келу тәртібімен қағаз түрінде - мемлекеттік кірістер органдарының қызмет көрсету орталықтары немесе "Азаматтарға арналған үкімет" МК арқылы.

ДК ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарламаны Kaspi.kz, Halyk Bank банктік қосымшалары арқылы да беруге болады.

Салық органдары салықтық өтінішті алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жеке тұлғаны дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қоюды жүргізеді.

ДК тіркеу үшін жіберілетін хабарламада ДК жұмыс істейтін салық режимдерінің бірін өз еркімен таңдауы қажет.

Сіз кәсіпкер болғаныңызды www.kgd.gov.kz сайтында не "E-Salyq Azamat" мобильді қосымшасында тексере аласыз.

Тіркелген ДК-ге тіркеу деректерін қалай өзгертуге болады?

ДК орналасқан жері бойынша салық органына оның тіркеу деректері немесе бірлескен кәсіпкерлікке қатысушылар (мүшелер) туралы деректер өзгерген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей хабарламаны табыс етуге міндетті.

Тіркеу деректерін өзгертуді салық органы ДК-ден хабарламаны алған күннен кейінгі 1 жұмыс күнде жүргізеді.